Бейнеконференция форматында өткен кеңеске Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Білім және ғылым, Инвестициялар және даму, Қаржы, Ұлттық экономика, Энергетика министрліктерінің, Ұлттық банктің, сондай-ақ облыс әкімдіктерінің және өңірлердегі тексеру комиссияларының өкілдері қатысты. Жиын барысында Мемлекет басшысының әлеуметтік бастамаларын іске асыруға бөлінген қаражатты тиімді пайдалану, тиісті жобаларды қаржыландыру, жоспарланған іс-шаралардың орындалуына мониторинг жүргізу мәселелері, сондай-ақ нормативтік және ұйымдастырушылық сипаттағы проблемалар талқыланды.
Жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері халықтың тұрғын үй сатып алуы үшін жаңа мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, еңбекақысы төмен азаматтар үшін салықтық жүктемені төмендету, жоғары білімнің қолжетімділігін, сапасын арттыру және студенттердің өмір сүру жағдайларын жақсарту, микрокредит беруді кеңейту, елді одан әрі газдандыру мақсатында қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Президент тапсырмаларының жүзеге асырылуы Есеп комитетінің және тексеру комиссияларының мемлекеттік аудитімен сүйемелденетіні атап өтілді.
Кеңес қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы қойған міндеттерді бұлжытпай және уақтылы орындау мақсатында, орындаушылардың бюджет қаражатын игеру көлемін көрсете отырып, Есеп комитетіне тоқсан сайын ақпарат ұсынатыны туралы шешім қабылданды.
Осы жиында айтылғандай, Есеп комитеті мен тексеру комиссиялары аудит объектілерінің алдағы кезеңге арналған тізбесін қалыптастырған кезде орындалуы міндетті түрде бақылау жүргізуді талап ететін ауқымды әлеуметтік жобаларға баса назар аудармақ.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»